5.2 Ренийдің қасиеттері

Рений үшоксидінің туындылары - M2ReO4 типті (жасыл түсті) ренаттар - рений ұнтағын сілтімен қосып балқыту арқылы түзіледі.

Суда еріген кезде олар диспропорцияланады:

2K₂ReO₄ + 2 H₂O = 2KReO₄ + ReO₂ + 4KOH(2.5)

Рений сульфидтері. Re-S жүйесінде келесідей сульфидтер белгілі: ReS, ReS2, Re2S5, ReS3 және Re2S7. Күкірттің металдық ренийде ерігіштігі 1 ат.% шамасында. Тұрақты сульфидтері – Re2S7 және ReS2. Рений сульфиді (Re2S7) – тығыздығы 4,86 г/см3 болатын, қара қоңыр түсті зат. Тетрагональды сингонияда кристалданады. Қышқыл ерітінділерден натрий тиосульфатымен немесе қышқыл және сілтілі ертініделрден күкірттің стехиометриялық артық мөлшерінде күкіртті сутегімен ауыспалы құрамды фаза (ReS3,75) түрінде тұндырылады. Қышқылдығы жеткілікті 4 моль/л HCl немесе 3 моль /л H2SO4 ертінділерден толығымен тұнбаға бөліп алуға болады. Ертінідіден толық тұнбаға бөліп алу үшін H2S-ті ерітіндіден ұзақ уақыт өткізу керек, аралық өнім ретінде тиорений қышқылы түзіледі.
Ауада қыздырған кезде Re2S7 тұтанады, тотығып ақ түтін түрінде Re2O7 түзіледі. ~350 ℃ температурада инертті атмосферада Re2S7-нің термиялық диссоциациясы басталады, ~850 ℃ температурада аяқталады; диссоциацияның соңғы өнімі - ReS2; аралық өнімдері - ReS3 және Re2S5 түзіледі. Бөлме температурасында сутегі қатысында Re2S7 біртіндеп ReS3 үшсульфидке айналады, қыздырған кезде ReS2-ге дейін тотықсызданады, ол 660 ℃-тан жоғары металға дейін тотықсызданады.
Рений (VII) сульфиді суда, тұз және күкірт қышқылдарында, сондай-ақ сілтілілерде және сілтілік метал сульфидтерінің ерітінділерінде нашар ериді; азот қышқылымен әрекеттескенде HReO4 түзіледі. Перренаттардың бейтарап ерітінділерінен күкіртсутекті өткізгенде уақыт өте ыдырайтын тиоперренаттар алынады:

NaReO₄ + H₂S = NaReO₃S + H₂O(2.6)

Сілтілік металдар мен таллий тиоперренаттары да кристалды күйде алынады.
ReS2 дисульфиді бөлме температурасында элементтердің өзара әрекеттесуінен түзіле бастайды, реакция толық жүру үшін қыздыруды 850-1000 ℃ дейін жүргізу ұсынылады. Рений дисульфидін ReO2 немесе ReO3 –н күкіртпен немесе H2S қатысында қыздыру арқылы, немесе калий перренатын күкірт және содамен қосып қыздыру арқылы алады.
Рений дисульфиді - тығыздығы 7,5 г / см3 қара түсті зат, алтыбұрышты сингония MoS2 типі бойынша кристалданады. NbS2 типті ромбоэдрлік құрылымы бар ReS2 модификациясы да белгілі. Рений дисульфиді стехиометриялық емес фазаларды құруға бейім. Бөлме температурасында ауада тұрақты; 300 ℃-ден жоғары температурада қыздырғанда рений мен күкірт оксидтерін түзіп жанады. Ауасыз қыздыру кезінде 1000 ℃-тан жоғары температурада металға дейін (құрамы ReS0.01 фаза түзіледі) диссоциацияланады. 650-700 ℃-де сутегімен тотықсызданады, бірақ бұл жағдайда таза метал түзілмейді. Сілтілер, сілтілі метал сульфидтері, тұз және күкірт қышқылдарының ерітінділерінде ерімейді. Ыстық азот қышқылында, тіпті сұйылтылған болса да, HReO4-ға дейін тотығады.
Рений селениді (VII) Re2Se7. Калий перренаты ерітіндісінен H2Se өткізу арқылы алынады. Диселенид ReSe2 рений (VII) селенидін термиялық диссоциациясында, сондай-ақ рений немесе аммоний перренатының H2Se-мен қыздыру арқылы әркеттесуінде түзіледі. Селенидтердің екеуі де қара түсті, ұнтақ түрінде ауаға төзімді заттар және суда ыдырамайды.
Рений теллурмен әрекеттескенде біртектілік аймағы кең ReTe2.61 дейін болатын дителлурид ReTe2 түзіледі. Рений гидриді әлі алынбаған, бірақ сілтілі және сілтілі жер металдарының тұрақты, суда еритін рениогидридтері белгілі, оларда ренийдің координациялық саны (к. с.) 9-ға тең, мысалы, этилендиаминде аммоний перренаты ерітіндісін калиймен тотықсыздандырғанда түзілетін ашық қоңыр тұнба K3ReH9 белгілі:

NH₄ReO₄ + 18K + 13H₂O = K₂ReH₉ + 16KOH + NH₄OH(2.7)

Құрамы Re3N және Re2N формулаларымен көрсетілген рений нитридтері ~300 ℃ температурада аммиак пен аммоний перренатының өзара әрекеттесуінен немесе 500 ℃ температурада аммоний гексафтороренатының термиялық ыдырауынан алынады. Бұл қою-сұр ұнтақтар сумен әрекеттеспейді, бірақ ылғал ауада баяу тотығады, вакуумда 280 ℃-тан жоғары температурада қыздырғанда ыдырайды.
Жоғары температурада рений көміртегімен қатты ерітінді түзеді (11 ат. % дейін С). Рений карбидін Re2С құрылымы бойынша алтыбұрышты молибден карбидіне ұқсас Mo2С үрдіспен, рений карбонилін Re2(СО)10 500-1000 ℃ температурада графит субстратында термиялық ыдырауы арқылы алады.

1
2
3
4