5.6 Ренийді қайтармалы шикізаттар мен техногенді өнімдерден бөліп алу

Қазіргі уақытта ренийді екіншілік шикізаттан өндіру үлесі оның жалпы өндіріс көлемінің тек 15-20 % құрайды. Бұл көрсеткіш, әрине, басқа сирек металдардың рециркуляциясының көрсеткіштерінен едәуір жоғары (мысалы, вольфрам үшін рециркуляция деңгейі небәрі 4,1 % құрайды), бірақ рений үшін оның шикізат тапшылығын ескерсек, мүлдем аз болып саналады. Сарапшылардың бағамы бойынша, АҚШ-та жыл сайын екіншілік шикізаттан 2300 кг - ға дейін рений өндіріледі, ал Ресейде-1000 кг-ға жуық, Қазақстанда бұл өндіріс жоспарлануда.
Ренийдің екіншілік шикізаттарын шартты түрде үш топқа бөлуге болады:
1. Алюминий-платина-рений негізіндегі мұнай риформингінің жарамсыз катализаторлары. Ренийдің мөлшері ~3-5 %.
2. Вольфрам-рений және молибден-рений қорытпаларының электрондық өнеркәсіптегі қалдықтары. Ренийдің мөлшері ~ 0,3 %.
3. Никель-рений негізіндегі ыстыққа төзімді қорытпа қалдықтары (авиация өнеркәсібінің қалдықтары, тотыққан скрап, керамика, шаң және т.б). Ренийдің мөлшері ~1-20 %, көбінесе ~3-6%.
Техногенді өнімдер молибденитті және мыс кендері мен концентраттарын өңдеу кезінде түзілетін аралық өнімдер. Бұл өнімдердің шығымының аздығына байланысты ренийдің концентрациясы бастапқы кендегіге қарағанда 10-100 есе артық болады. Мысалы молибден өндірісінде шаңдар ренийді алу бойынша өндірісте өңделсе, мыс өндірісінде шайынды күкірт қышқылдары ренийдің негізгі шикізат көзі болып саналады. Ал байыту қалдықтары, шлактар мен қойыртпақтар өндіріске тартылмаған. Сондықтан рений өндірісін күшейту үшін техногенді өнімдерді де өндірістік масштабта өңдеу қажет.
Рений қалдықтарын өңдеу, бастапқы кенді шикізат сияқты, шикізат түріне байланысты пирометаллургиялық (күйдіру, агломерация, тотықтыру) және гидрометаллургиялық (шаймалау, сұйық экстракция, сорбция, тұндыру) әдістерді біріктіретін көп сатылы процесс болып табылады.