8.3 Индийді өндіру технологиясы

Индийдің шикізат көздері
Индий массасы бойынша жер қыртысының \(\small 10^{-5}\%\) құрайды. Индийдің минералдары өте сирек кездеседі және өнеркәсіптік маңызы жоқ. Индий концентрациясының жоғарылауы сульфидті минералдарда (негізінен мырыш алдамшыларында), сондай-ақ сульфоантимониттер немесе сульфостаннаттар болып табылатын минералдарда байқалады. Индий ең жоғары концентрациясы килиндрит \(\small \text{Pb}_6\text{Sb}_2\text{Sn}_6\text{S}_2 \, (0,1-1\% \, \text{In})\), франкеит \(\small \text{Pb}_5\text{Sb}_2\text{Sn}_2\text{S}_{12} \, (\text{In} \, 0,1\% \, \text{дейін})\) және станнин \(\small \text{CuFeSnS}_4 \, (\text{In} \, 0,1\% \, \text{дейін})\) минералдарында. Сфалериттерде (мырыш алдамшылары) \(\small 0,1 \, - \, 0,0001\% \, \text{In}\) бар. Темір мөлшері жоғары мырыш кендерінде индий көбірек болады.
Индийдің негізгі көзі - мырыш пен қорғасын өндірісінің әртүрлі қалдықтары мен аралық өнімдері. Сонымен қатар бұл өнімдерде көбінесе индийдан басқа шашыраңқы элементтер болады: кадмий, галлий, таллий, германий. Индий сонымен қатар жүзден онға дейінгі пайыздық үлесі бар қалайы өндірісінің шаңынан алынады.

Мырыш өндірісіндегі индийдің әрекеті
850-930 ℃ температурада жүргізілетін мырыш концентраттарын тотықтырып күйдіруде индийдің басым бөлігі мырыш күйінділерінде (огарки) қалады. Ары қарай күйінділердің мырыш пирометаллургиялық немесе гидрометаллургиялық (ең көп таралған) әдіспен алынады.
Мырыштың пирометаллургиялық өндірісі. Агломерациялық күйдіру кезінде агломерациялық машиналарда (1100 - 1200 ℃ температурада) индий аз мөлшерде ұшып кетеді. Егер агломерацияның орнына көмірмен күйінді қоспасын брикеттеп, содан кейін 900 - 1000 ℃ температурада кокстеу қолданылса, онда кокстеу кезінде индийдің бір бөлігі (~20%) \(\small \text{In}_2\text{O}\) және \(\small \text{InO}\) түрінде ұшырындымен шаңға шоғырланады. Реторт пештерінде агломератты немесе брикеттерді тотықсыздандыру кезінде шамамен 60-70% индий (1200 - 1300 ℃ температурада индийдің бу қысымы 106,5 - 133,3 Па тең) мырышпен бірге дистилляцияланады. Қара мырыштың құрамында оның бастапқы концентраттағы мөлшеріне байланысты 0,002-0,007% индий болады. Қара мырышты ректификациялау бағандарында тазарту кезінде индий жоғары қайнайтын металл ретінде қорғасын фракциясында (қорғасын бағанында) шоғырланады, содан кейін оны қорғасынды тазарту қалдықтарынан алуға болады (төменде қараңыз).
Осылайша, мырыштың пирометаллургиялық өндірісінде индийді алу көзі кокстеу пештерінің шаңы және қара индийді ректификациялау арқылы алынған қорғасын болуы мүмкін.
Мырыштың гидрометаллургиялық өндірісі. Мырыш қалдықтарын күкірт қышқылымен шаймалау кезінде индийдің 80% және одан жоғары басым бөлігі қорғасын сульфатымен, мырыш ферритімен, бірқатар элементтердің гидро оксидтерімен бірге мырыш кектерінде қалады. Индийдің кейбір бөлігі (~20 %) бейтарап шаймалау сульфатының ерітіндісінде қалады, бұл мыс пен кадмий ерітінділерін мырыш шаңына цементтеу арқылы тазарту нәтижесінде алынған мыс-кадмий кектерінде индийдің болатынын көрсетеді.
Көбінше мырыш кектері қатты шихтадан (вельц-процесс) немесе сұйық қождан (фьюминг-процесс) оксидтерді сублимациялау арқылы өңделеді. Ұсталатын сублимациялар мырыш, қорғасын, кадмий және басқа элементтер оксидтері әдетте, пайызбен шаққанда: Zn 40-65, Pb 4-8, Cd 0,3-0,4 тұрады. Ұшырындыдағы оксидтерде индийдің мөлшері пайыздың оннан бастап мыңнан бір бөлігіне дейін өзгереді, ұшырынды құрамында германий мен галлий де болуы мүмкін. Мыс-кадмий кектерінде де индий көлемі шамамен бірдей болады және олардан индийді кадмий алу кезінде жанама алуға болады.
Жоғарыда айтылғандардан мырыш гидрометаллургиясындағы индийдің қайнар көзі вельц - немесе фьюминг-процестердің ұшырындылары және мыс-кадмий кектері болуы мүмкін екендігі белгілі.

Қорғасын өндірісіндегі индийдің таралуы
Қорғасын концентраттарын агломерациялық күйдіру кезінде индий агломератта қалады. Агломератты шахтада балқыту процесінде индий қорғасын мен қож арасында шамамен бірдей мөлшерде бөлінеді. Индийдің шамамен 20 - 25%-ы шаңға түседі.
Қорғасын балқыту қождары ішінара агломерацияға қайтарылады. Артық мөлшері, әдетте, вельц прессіне (немесе фьюмингке) жіберіледі, мұнда мырыш пен қорғасынмен қатар индий сублимацияға шығарылады.
Қара қорғасынды отпен рафинациялау процесінде индийдің 80 - 90%-ы сұйық қорғасынның бетінен алынып тасталатын мысты алынбалар (съемы) мен оксидтерге (дроссель) өтеді. Мұндағы индийдің мөлшері жүзден оннан бір пайызға дейін өзгереді.
Мысты алынбалар (съемы) шағылыстырғыш пештерде балқытылады да әдетте металдық қорғасын, мыс сульфидтерінен тұратын штейн, қождар мен шаңдар түзіледі. Индий барлық балқыту өнімдеріне таралады, олардың ең жоғары мөлшері (0,1 - 0,4 %) шаңдарда және шағылыстырғыш балқыту қождарында байқалады.
Осылайша, қорғасын өндірісінде қорғасынды рафинациялау өнімдері (мыс алынбалары, оксидтер) мен қайта өңдеу өнімдері (мысалы, мыс алынбаларының шағылыстырғыш балқыту шаңдары мен қождары) индийдің көзі бола алады.
Қалайы өндірісіндегі индийдің таралуы
Қалайы концентраттарын тотықсыздандыра балқыту кезінде индий шаң (~75%) мен қара қалайы (~20%) арасында бөлінеді. Қара қалайыда кейде 0,1% - ға дейін индий кездеседі. Шаңды әдетте балқыту немесе тотықсыздандырып күйдіру арқылы қайта өңдейді. Қалайы өндірісінде индийдің көп бөлігі қайталама шаңдарға шоғырланған және ол индийдің негізгі көздері ретінде қызмет көрсетеді.
Индиймен байытылған өнімдерден индийді алу
Индиймен байытылған өнімдерде индийдің көлемі кең ауқымда ауытқиды: пайыздық үлестің мыңынан онына дейін. Олар рационалды құрамы бойынша да ерекшеленеді. Мәселен, ұшырындылар (вельц - және фьюминг-процестер) және қорғасынды рафинациялаудағы қалдықтарында негізінен қорғасын, мырыш және басқа элементтердің оксидтері болады; мыс-кадмий кектерінде негізінен металл түріндегі компоненттерден тұрады.
Индийді алу технологиясы әдетте екі кезеңнен тұрады:
1) құрамында индий мөлшері 1-2%-ден асатын индий концентратын алу;
2) қара индий алу.
Индий концентраттарын алу
Индийді ерітіндіге өткізу үшін бастапқы шикізат күкірт қышқылымен шайылады. Бұл жағдайда қорғасының негізгі бөлігі қатты фазада \(\small \text{PbSO}_4\) құрамында қалады.
Ерітіндіге индийді неғұрлым толық шығару үшін шикізатты алдын-ала сульфаттизациялайды. Осы мақсатта материалды концентрлі күкірт қышқылымен араластырылады да тостағанды грануляторда түйіршіктеледі, ары қарай 300 - 400 ℃ температурада қайнаған қабат пешінде қыздырылады. Сульфатизация процессінде мышьяктың көп бөлігі \(\small \text{As}_2\text{O}_3\) түрінде жойылады. Сульфатталған өнім сумен шайылып, ерітіндіге басқа металдардың сульфаттарымен бірге индий шығады.
Сульфат ерітінділерінен индий концентратын бөлу үшін әртүрлі әдістер қолданылады: аз еритін қосылыстарды тұндыру, органикалық реагенттерді алу, цементтеу.
Тұндырудың гидролитикалық әдістері.
Индий концентраттарын алудың бұл әдістері индий мен басқа элементтердің гидроксидтерінің бөліну рН-нің айырмашылығына негізделген (2.15 - кесте).

2.15- кесте. Кейбір элементтер гидрооксидтерінің бөліну pH-ы
Элемент Ион валенттілігі Бөліну
pH-ы Элемент Ион валенттілігі Бөліну pH-ы
Zn 2 5,2-6,5 Tl 3 2-3
Fe 2 5,5-7,5 Cu 2 5,5-6
Fe 3 2,5-3,0 Cd 2 7,5-8
Al 3 4,1-5,0 Sn 2 2-3
Ga 3 3,1-4,5 Sn 4 0,45-2
In 3 3,5-3,8

Күкірт қышқылы ерітіндісін рН ~ 4,8 — ге дейін бейтараптандыру кезінде гидролиз нәтижесінде қыздырылған ерітіндіден индий гидроксиді бөлінеді, оның суда ерігіштігі өте төмен-0,006 г/л. Бұндай жағдайда индийден мыс, кадмий, жартылай мырыштың негізгі бөлігі бөлінеді. Индий гидроксиді алюминий және темір (III) гидроксидтерімен бірге тұнбаға түседі (8-кестені қараңыз). Ерітінділерді бейтараптандыру мырыш оксидімен жүзеге асырылады.
Еріту және бейтараптандыру операцияларын қайталай отырып, индиймен байытылған тұнба алынады. Қосымша байытуға гидрат тұнбасын қыздыру кезінде натрий гидроксидінің 15-20% ерітіндісімен өңдеу арқылы қол жеткізіледі, нәтижесінде ерітіндіге \(\small \text{Al}\), \(\small \text{Zn}\), \(\small \text{Pb}\) (алюминат, цинкат, плюмбат түрінде) алынады. Нәтижесінде, құрамында 0,01-0,05% индий бар вельц оксидтерінен индийдің мөлшері бірнеше пайызға жететін концентрат алынады. Әдістің кемшілігі – индийдің бөлініп алу дәрежесінің төмендігі (40-50%), әсіресе бастапқы ерітінділердегі индийдің аз концентрациясында (0,03-0,05 г/л).

Арсенат немесе фосфат құрамында индийді тұндыру. Құрамында мышьяктың көп мөлшері бар ерітінділерді бейтараптандырған жағдайда (мысалы, қорғасынды балқыту шаңынан алынған ерітінділер), индийді негізгі арсенат \(\small 5\text{In}_2\text{O}_3 \cdot 3\text{As}_2\text{O}_5 \cdot n\text{H}_2\text{O}\) құрамында рН (2 - 3,4) төмен мәндерінде бөлуге болады. Мырыш, кадмий, қорғасын және бивалентті темірдің көп бөлігі (үш валентті темірді алдын-ала тотықсыздандыру керек) ерітіндіде қалады, өйткені бұл элементтердің арсенаттары рН мәндері жоғары болған кезде бөлінеді. Индий арсенатымен бірге мырыш арсенаттары да ішінара тұнбаға түседі. Арсенат тұнбасы сілтімен ыдырап, индиймен байытылған гидроксидтер қоспасы алынады.
Индийге бай тұнба алу үшін, мышьяк сульфидін натрий дитионатымен \(\small \text{Na}_2\text{S}_2\text{O}_6\) алдын ала тұндырғаннан кейінгі сульфат ерітіндісіне натрий фосфатын қосу арқылы рН = 3,2 мәнінде индий фосфаты тұндырылады. Фосфат тұнбасын күкірт қышқылында ерітеді де фосфатты тұндыруды екі-үш рет қайталайды. Фосфат тұнбасын сілтінің ерітіндісімен ыдыратып, индийге бай гидроксид тұнбасын алады. Арсенат немесе фосфатты тұндыру кезінде индийдің концентратқа өтуі гидроксидті тұндыруға қарағанда жоғары, бірақ кемшілігі – мырыш ерітінділеріне натрий иондарын енгізу (ерітінділер натрий карбонатымен немесе сілтімен бейтараптандырылады).
Индийді экстракциялық әдіспен алу. Сұйықты экстракция көптеген кәсіпорындарында қолданылатын индийді күкірт қышқылды ерітінділерінен алудың тиімді әдісі.
Индийді қышқылдықтың кең интервалында шығаратын селективті экстрагент ретінде ди-2-этилгексил-фосфор қышқылы (\(\small \text{Д}_2\text{ЭГФК}\)). Бұл бір негізді қышқыл \(\small \text{HR}_2\text{PO}_4\) (мұндағы \(\small R\) - этилгексил радикалы), оны керосиндегі ерітінді ретінде қолданады, онда ол димерленген күйде болады. Индий экстракциясы мына реакциямен сипатталады:
\[
\small \text{In}^{3+} + 3(\text{HR}_2\text{PO}_4)_2 \rightarrow \text{In}(\text{R}_2\text{PO}_4)_3 \cdot 3\text{HR}_2\text{PO}_4 + 3\text{H}^+ \quad (2.101)
\]
Қышқыл ерітінділерде \( \small \text{0,2 - 2 n} \) қышқылдық аралығындағы индийдің таралу коэффициенті \( \small \text{4000-нан 1000-ға} \) дейін өзгереді, ал \( \small \text{Zn}, \, \text{Cd}, \, \text{Si}, \, \text{Ni}, \, \text{Mn}, \, \text{As (V)} \) және \( \small \text{Fe (II)} \) ілеспе элементтері үшін таралу коэффициенттері аз \( \small \text{(10^{-2}-10^{-4})} \) мәндерге ие. Индиймен бірге тек үш валентті темір иондары \( \small \text{(оны Fe^{2+} дейін тотықсыздандыру керек)} \), \( \small \text{Sb^{3+}} \) және \( \small \text{As^{3+}} \) иондары экстракцияланады. Индийді алудың жоғары дәрежесіне тіпті индийді кедей ерітінділерден экстрагациялау кезінде де қол жеткізіледі.
Экстракцияны \( \small \text{0,3-0,35 n} \) \( \small \text{Д2ЭГФК} \) керосиндегі ерітіндісімен \( \small \text{V_{орган} : V_{су} = 1:40} \) қатысында жүзеге асырады. Реэкстракция \( \small \text{V_{орган} : V_{водн} = 20:1} \) қатынасында \( \small \text{8-10 n} \) тұз қышқылымен жүзеге асырылады. Нәтижесінде индий концентрациясы \( \small \text{0,03 - 0,09 г/л} \) болатын ерітінділерден индий концентрациясы \( \small \text{25 - 55 г/л} \) болатын реэкстракттар алынады, олардан мырышқа цементтеу арқылы қара индий бөлінеді.
Қара индийді алу
Қара индийді мырыш немесе алюминий беттеріне цементтеу арқылы алдын-ала тазартылған ерітінділерден бөліп алады. Төменде қышқыл ерітінділердегі бірқатар элементтердің қалыпты потенциалдарының мәндері келтірілген:

Al3+/Al …..-1,53 Cd2+/Cd…..-0,40 Ge4+/Ge…..-0,15
Zn2+/Zn…..-0,76 In3+/In…..-0,34 Sn2+/Sn…..-0,136
Ga3+/Ga…..-0,52 Tl+/Tl…..-0,336 As3+/As…..+0,247
Fe2+/Fe…..-044 Pb2+/Pb…..-0,126 Cu2+/Cu…...+0,34

Потенциалдардың келтірілген мәндерінен көрініп тұрғандай, индий мен басқа да бірқатар металдарды мырыш пен алюминийге цементтеу арқылы тұндыруға болады. Индийді цементтеу алдында ерітінді едәуір асыл металдар - мыс, мышьяк, сурьманың қоспаларынан тазартылады.
Мысты ерітіндіден мырыш шаңына немесе темірге селективті цементтеу арқылы бөліп алуға болады. Соңғы жағдайда мышьяк та мыспен бірге арсенид \( \small \text{Cu}_3\text{As}_2 \) түрінде шығарылады.
Мышьяк, сурьма, сондай-ақ мыс қоспаларын сульфидтер түрінде бөліп алуға болады. Құрамында мырыш сульфидті ерітінділерден тұндыру кезінде тұндырғыш ретінде мырыш сульфидін қолданған жөн, өйткені бұл жағдайда ерітіндіге бөгде иондарды енгізуге жол берілмейді.
\( \small \text{SO}_4^{2-} \) иондарының артық болған жағдайында - мырышқа индийдің тұну дәрежесі толық болмайды. Бұл индий мен мырыш потенциалдарының жақындауына әкелетін индий иондарын комплексті иондарға \( \small [\text{In(SO)}_4]^{2-} \) байланыстыру арқылы түсіндіріледі. Сондықтан индий сульфат ерітінділерінен алюминий пластиналарына цементтеледі. Алюминийде цементтеуде хлор иондарының болуы қолдайлы, сондықтан \( \small \text{1 литр} \) ерітіндіге \( \small \text{10-20 см}^3 \, \text{HCl} \) қосылады. Алюминийде цементтеуді бастау үшін ерітінді \( \small \text{60} \, \text{℃} \) дейін қызады, содан кейін қыздыру тоқтатылады, өйткені процесс жылу шығарумен жүреді. Индийдің борпылдақ массасы (губкасы) алюминий пластинасынан оңай ажыратылады.
Тұз қышқылы ерітінділерінен (мысалы, тұз қышқылы реэкстрактынан) мырыш пластиналарында цементтеу арқылы қара индий бөлінеді. Алюминий немесе мырыш пластиналарында цементтеу нәтижесінде алынған борпылдақ индий сумен жуылады, брикеттерге басылады және натрий гидроксидінің қорғаныш қабатының астында балқытылады. Бастапқы ерітіндідегі қоспалардың құрамына байланысты қара металда \( \small \text{96-99\%} \) индий болады.

Қара индийді тазарту
Қара индийде бірқатар металдардың қоспалары бар \( \small \text{(Cd, Pb, Al, Zn, Sn, Si, Fe, Ti және т.б.)} \). Индийдің жартылай өткізгіш электроникада пайдаланылуына байланысты металдың тазалығына жоғары талаптар қойылады. Индийді тазарту үшін тазартудың келесі әдістері қолданылады: химиялық, электрохимиялық, вакуумдық дистилляция, зоналық балқыту және балқымадан құйма тарту. Нақты схемалар әдетте барлық қоспалардан тазартуды қамтамасыз етудің әртүрлі әдістерін біріктіреді.

Химиялық әдістер
Сілтілік қабаттың астында балқыту. Алынған борпылдақ қара индий әдетте \( 320 - 350 \, \small \text{℃} \) температурада натрий гидроксиді қабатының астында балқытылады. Осылайша мырыш, алюминий, қорғасын мен қалайының едәуір бөлігі бөлініп тазарту жүзеге асырылады.
Құрамында \( \small \text{NH}_4\text{Cl} \) бар глицерин қабатының астында балқыту. \( 160 - 170 \, \small \text{℃} \) температурада глицеринде \( \small \text{NH}_4\text{Cl} \, (15-17\%) \) ерітінді қабатының астында индийді балқыту кезінде индийге қарағанда хлорға тартылымы жоғары бірқатар элементтер \( \small \text{(Tl, Cd, Zn, Fe)} \) глицеринге өтеді. Балқытудан кейін бұл қоспалардың мөлшері пайыздың жүзден бір бөлігіне \( (1-6) \times 10^{-4} \, \% \) дейін төмендейді. Индийдің глицеринге жоғалуы \( 1,8 - 2,2 \, \% \) құрайды.
Құрамында \( \small \text{KI} \) және йод бар глицерин қабатының астында балқыту. Бұл әдіс индийді таллий мен кадмийден тазарту үшін қолданылады. Индиймен салыстырғанда йодқа үлкен тартылысы бар таллий \( \small \text{TlI} \), ал кадмий \( \small \text{K}_2\text{CdI}_4 \) комплексі түрінде глицерин ерітіндісіне өтеді.
\( \small \text{BaSO}_4 \)-пен тұндыру арқылы қорғасыннан тазарту. Зоналық балқыту және электрохимиялық әдістерді қолдану арқылы индийді қорғасыннан терең тазартуға қол жеткізілмейді. Қорғасын қоспасын \( \small \text{BaSO}_4 \)-пен \( (\text{ерігіштік көрсеткіші} \, 1,1 \times 10^{-10}) \) тұндыру арқылы толығымен бөлуге болады. Индийдегі қорғасын мөлшері \( 2 \times 10^{-5} \, \% \)-дан аспайды. Қалайы қоспасы да ішінара жойылады.

Электролиттік тазарту
Индий анодымен рафинирлеу. Рафинирлеуді индий жаңқаларын тұз қышқылында ерітіп, электрөткізгіштігін арттыру үшін амоний хлоридінің ерітіндіге құйып дайындалған әлсіз қышқылды электролиттерде өткізеді.
Электролиттің құрамы шамамен келесідей, г/л: \( \small \text{In} \, 40 - 60 \), \( \small \text{NH}_4\text{Cl} \, 30 - 80 \). Қара индийден құйылған анодты пластиналарды фильтр қағазына орап, анодты шламды жинау үшін мақта қапшыққа салады. Катод қызметін таза индий, алюминий немесе титан пластиналары атқарады. Электролизді токтың анодтық тығыздығы \( \sim 0{,}02 \, \small \text{А/см}^2 \), катодтық тығыздығы \( \sim 0{,}01 \, \small \text{А/см}^2 \) жағдайында өткізеді.
Индийден гөрі асылырақ металлдар \( \small \text{(мыс, висмут, қорғасын, қалайы)} \) көбіне анодты шламда қалады, ал асылдылығы төменірек \( \small \text{(мырыш, алюминий, марганец және т.б.)} \) металлдар – ерітіндіде қалады. Потенциалы индийден әлдеқайда төмен кадмий де ерітіндіде жинақталады, тек аз бөлігі ғана индиймен бірге катодта тұнады. Кезең-кезеңімен анодтарды шығарып, анодты қойыртпақты шайып, сосын қайтадан ваннаға орналастырады. Анодтарды шамамен \( 1 \, \small \text{мм} \) қалыңдықта өндіріп шығарады.
Екі рет рафинирлеуде әрбір қосылыстың құрамы \( 10^{-4} \, \% \)-ден төмен болатындай индий алуға болады \( \small \text{NH}_4\text{Cl} \) ерітіндісі қабатының астында глицеринде еріткеннен соң.
Амальгамды тазарту. Процесс индийді сынап катодында амальгама түзе отырып, тазартылған индийді катодта тұндыру арқылы электролиттік бөлуден тұрады. Процестің әрбір сатысында индий қоспалардан тазартылады. Мәселен, қышқыл ерітінділерден сынапты катодта электролиздеу кезінде берилий, бор, алюминий, ванадий, титан, кремний, фосфор, сілтілі-жер және сирек-жер металлдар бөлінбейді.
Индийдің сынаптағы жоғары ерігіштігі \( 57{,}3 \, \% \)-ға дейін индийдің сынап катодында бөлінуіне оң ықпал етеді, және амальгама онда \( 35 \, \% \, \small \text{(ат.)} \) индий болса да, әлі де сұйық күйде қала береді. Амальгаманың анодты ыдырауы кезінде индий келесі металлдардан тазарады: \( \small \text{Mn, Zn, Ga, Fe, Ni, Co, Cu, Bi, Pb, Sn, As, Sb, Ge} \). Осылайша, катодты және анодты процестерді біріктіре отырып, индийді көптеген микроқоспалардан тазартуға болады. Тек кадмий мен таллий өздерінің амальгамаларының потенциалы \( \small (-0{,}44 \, \text{В} \, \text{және} \, -0{,}37 \, \text{В}) \) индий потенциалымен \( \small (-0{,}43 \, \text{В}) \) жақын болуына байланысты бұл қағидадан ерекшеленеді. Электролитке \( \small [\text{CdI}_4] \) және аз еритін \( \small \text{TlI} \) комплексінің пайда болуына әкелетін калий иодидін енгізу арқылы индий потенциалына қатысты кадмий мен таллий потенциалының айырмашылығын \( 0{,}2 - 0{,}23 \, \small \text{В} \)-дейін жеткізуге болады.
Электролит ретінде сумен араластырылған күкірт немесе тұз қышқылын пайдаланады. Амальгаманы алу және оны ыдыратуды биполярлы сынап электродын пайдалана отырып бір электролизерде біріктіреді \( \small \text{(2.30-сурет)} \). Түбіне дейін жетпей тұрған \( \small (\text{сынапқа түсірілген}) \) қалқа \( \small (\text{перегородка}) \) электролитті екі секцияға бөледі. Сынап \( \small (\text{амальгама}) \) бір уақытта бір секцияда катод және екінші секцияда анод қызметін атқарады. Бірінші секцияда индий амальгамасы түзіледі және жоғарыда аталған қосылыстардан тазарту жүреді, ал екінші секцияда – амальгаманың анодты ыдырауы және катодта тазартылған индийдің бөлінуі жүреді.

{media}

2.30 -сурет. Индийді биполярлы сынап электродымен амальгамды тазартуға арналған электролизер схемасы

Индийді тазартудың амальгамды әдісінде қарапайым тазарту әдісінде (металлда 99,9995% индий болады) қол жеткізілетін дәрежеден анағұрлым тереңірек тазалауға қол жеткізіледі. Амальгамды тазартудан кейін индий құрамында сынап қоспасы болады, оны металлды вакуумда балқыту арқылы жояды.

1
2